avatar

Нарын немесе сорпалаған
Жарияланды Ұлттық тағамдар

Нарын — қазақтың ұлттық тағамдарының бірі. Нарынды әдетте қамыр ауқат (бешбармақ) жасаған күні дайындайды. Яғни, қамыр ауқат желініп болғаннан кейін қалған қамырды турап, етті турап, араластырып қояды. Түстікке немесе кешкіге шетінен кесеге салып, сорпалап ішеді немесе аз ғана майға ысытып жіберіп жейді.

Ал арнайы Нарынды көбіне ауызашарда немесе кішігірім құдайы кезінде жасайды. Нарын жасалынатын үйге көршілері, абысын-ажандары көмекке келіп, қамыр, етті турасып кетеді. Сорпа құйып ішетін болғандықтан болар көбіне «сорпалаған ішемін» деп, «сорпалаған қамыр» атайды.
Бүгін бізде қамыр ауқат әзірленді. Сәтті пайдаланып, нарын тағамын арнайы Асмәзірліктер үшін дайындадым.

Нарын үшін жылқының еті маңызды, дегенімен қой, сиыр етімен де дайындауға кедергі жоқ. Жылқы етін (жылқы еті тұздалатын болғандықтан тұз салудың керегі жоқ, егер тұзы кемшін болып жатса салуыңзға болады) алдын ала отқа қоямыз (әдеттегідей салқын суға). Қатты қайнауға жеткізбей көбігін сүзіп алып, жәй бүлкілмен қайнатамыз. Ет пісуге жақындағанда пиязды (бүтіндей), картопты, сәбізді саламыз:

Бешбармақ үшін қамырды жәй ғана тұзды суға салып илеген жөн, жұп-жұмсақ болады, ал нарын үшін тұзды суға жұмыртқа қосып илеңіз. Әдеттегідей қамырдың илеуін қандыра, біраз уақытқа бетін жауып:

Біздің отбасы үлкен, сондықтан екі зуала аздық етеді))) Мында төрт зуала, екеуі арнайы нарын үшін:

Ет пісуге жақындап, қамыр жаяр сәтте 2-3 бас пиязды майдалап турап, ет пісіп жатқан сорпа бетіндегі майынан қалқып аламыз да пияздың үстіне құйып бір қайнатып аламыз. Аскөк қосуға болады. Бұл, қамырдың бетіне құйып, жеу үшін қажетті дәмдеуіш:

Қамырды жаймас бұрын, етті сүзіп аламыз:

Енді, ет піскен сорпаның бір бөлігін нарын үшін бөлек алып қоямыз. Ал үлкен жиын, ауызашарларда сорпаны толықтай нарынға алып қойып, қамырды жәй тұзды суға пісіріп алады, сорпа жетпей қалмасын деп. Жылқы еті піскен сорпаның дәмін білмейтін қазақ жоқ болар?)))

Нарынның қамырын бешбармақтың қамырындай жұқа жайып жатпайды, сәл қалыңдау болғаны жөн. Оқтауға орап алып, ортасынан кесіп, бөліктерге бөліп дайындаймыз:



Сорпа аздау болса үстінен су құйып, тұзын көріп, қайнатамыз. Қайнай бастағаннан қамырларды бір бірден салу керек, арасында қозғау керек:

Бетін жауып, бір-екі қайнатып алған соң, сүзіп аламыз:

Енді алдын ала бір кесеге суық су, екіншісіне өсімдік майын құйып қою керек. Қамырлы ыстықтай алып келіп, қолды суық суға бір батырып аламыз да (ыстық болғасын), қамырды ыдысқа бір бірден жайып шығамыз. Бетіне май жағып (жабысып қалмауы үшін) үстіне тағы қамыр жайып шығамыз. Солай-солай қамырды жайып шығу керек:

Енді майланған қамырды суытып қоямыз. Ол суймын дегенше, біз қалған екі зуаланы жайып, бетіне пиязды дәмдеуішімізді құйып, ет-қазы, картоп-сәбіз, цицибел-айранмен қамыр ауқатты ұрып аламыз)))


Жайылған қамыр суыған соң, оларды турауға ыңғайлап, орап аламыз:

Енді дайын оралған қамырды турау керек. Қолмен турайсыз ба, тақтайға салып турайсыз ба еркіңіз, тек майда, әдемі етіп тураңыз:


Етті майда етіп тураймыз (жылқының еті, қазы болса тіптен керемет!)

Туралған қамырға етті араластырамыз. Осы қалпында бетін жауып екі-үш күнге сақтай аласыз. Ертесі сорпаны ысытып жіберіп, сорпалап ұсынасыз немесе майға қуырып берсеңіз жұмақтың төрінде отырғандай күй сыйлайсыз:


Нарынды кесеге салып, үстінен сорпаны ыстықтай құйып ұсыныңыз:

Сорпалаған:


Ас болсын!

10 пікірлер

avatar
Тамаша Көркем, кәдігімгі еттен кейін дайындалғанын біздің жақта жай ғана «тураған ет»-дейді, ал нанның бетіне құйылатын дәмдеуіш сорпаны «тұздық»-деп атайды. Нарынды дәл осылай дайындайды.Тәбетті ашып тұр.
avatar
Иә, иә соны не деп атарымды білмеп едім, бізде ауызекті тілде жоқ екен ол, "қамырдың бетіне құятын пиязды әкел" деп жатады үнемі. Көп рахмет))
avatar
біз де осылай дайындаймыз :) ұнайды :)
avatar
Жылытпа сияқТкен ғой и, білем онда мұны. Мұнда тек қамырды лапшаның қамырындай кескен екен. Біз ет асқан соң қалған қамыр мен етті майдалап турап сорпамен жылытпа етіп ішеміз. Мен басқа деп жүрсем мүлдем :))) цицибел-айран деген немене?
avatar
цицибел — деген сацебель)) кәдімгі қызанақпен дайындалатын аджика секілді, бірақ аса ащы емес, арнайы қамырмен жейміз деп жабады біз жақта, ащысы да болады. Ал айран — деген кәдімгі айран, сүттен ұйытып жасайтын кефир)))
avatar
Міні, цицибель деген)))
avatar
осы әдіспен бізде осылай жасаймыз. бірақ қамырын жіңішкелеп тураймыз. Типа как узбекский ))
avatar
аха, қамырын жұқа етіп, сосын өте майда етіп турайтын қамыр көзге әдемі көрінеді))