avatar

Мәзір: Наурыз көже
Жарияланды Ұлттық тағамдар


Наурыз көженің құрамы:
  • Ет өнімдері (қазы-қарта, жал-жая);
  • Сүт өнімдері (айран, құрт, сүт, қатық);
  • Дәнді-дақылдар (бидай, жүгері, жарма, күріш, фасоль);
  • Сұйық май, тұз, кеспе, су, сәбіз-жуа.

Керек кеңес:
Дәнді-дақылдарды (күріштен басқасын) бір түнге әрқайсысын бөлек-бөлек ыдыстағы жылы суға салып, бетін жауып жылы жерге орап қоямыз. Бұл дәндердің жұмсақ болуына және тағамның тез пісуіне көмектеседі.


Дайындалуы:
Наурыз көжені пісіретін қазанымызға суды толтырып құйып, барлық ет өнімдерін саламыз. Біздің жағдайда жылқы мен сиыр еті және қазы алынды. Ет шала піскенше бөлек қазанда майлы еттер мен сәбіз-жуаны ыстық майда тұзбен дәмін келтіріп қуырып аламыз. Үстіне бір ожау су құйып қайнағанша ұстаймыз. Қайнап болған соң ет өнімдері пісіп жатқан қазанымызға құямыз.


Жәй отта ет пісе бергенше бір түн тұрған (8-10 сағат) дәнді-дақылдардың бетін ашып, қалған сулары болса төгеміз. Дәнді-дақылдардан сары және ақ жүгері, бидай, ақ (лобия) және қызыл фасоль, жарманы (перловка) алдым. Жарма мен бидай тез пісетіндіктен әрі суда бір түн тұрып жақсы жұмсарғандықтан оны қазанға кейінірек саламыз. Оған дейін ақ пен сары жүгеріні, фасольдарымызды салып араластырамыз. Қазанның бетін жауып бір қайнатып аламыз. 5-10 минуттан соң бидай мен жарманы да салуға болады.


Одан кейін күрішті суға жуып алып, оны да қазанға саламыз. Ет пен дәндеріміз толықтай жұмсарып піскенше жәй отта ұстаймыз. Пісуге аз қалғанда кеспені саламыз, кеспе орнына ұзын вермишель қолдануға да болады. Бетін жауып тағы да сәл қайнатамыз. Көже пісті деген кезде құртты езіп саламыз, үстіне сүт құямыз.


Көже дайын! Дастарханға ұсынар уақытта қатық не айранмен берген жөн.


Ескерту: наурыз көжеге қажетті құрамның мөлшерлері адам санына қарай алынады.
Ас болсын! :)

2 пікір

avatar
Біз үнемі етсіз жасаймыз, кеспе салмаймын))) Бірақ қазыны майда етіп турап салса, әрі оның сорпасын пайдаланса керемет болатын екен)))) Ғажап!
avatar
Қазыны піскен соң онсыз да турап жібереді ғой. Кеспе көп емес, шамалы ғана салады. Маманың мастер-класы болды бір, процесті толық көріп алдым түсініп, суретке түсіріп жағаласқаным тағы бар :))