avatar

Мәзір: Қазақша кукси
Жарияланды Бірінші ас

Иә, атауы айтып тұрғандай мәзіріміз нағыз куксидің жасалу жолынан сәл алыс. Бірақ, мәзірдің негізгі құрамы екеуіне де ортақ, ол — кеспе. Кукси корей ұлтының ас мәзірі екені белгілі, сондықтан да олар дәмдеуіштердің ащысын таңдайды. Ал бүгінгі мәзіріміз өзіміздің қазақтардың асқазанына лайықталған десек те болады. Дәмді болары сөзсіз!

Құрамы:
  • кеспе (спагетти);
  • ет пен пияз;
  • көкөніс салаты (қырыққабат, сәбіз, сарымсақ, дәмдеуіштер, сұйық май);
  • томат, тұз.

Дайындалуы:
Алдымен қазанда етті қуырып аламыз, оның үстіне пиязды турап саламыз. Жартылай қуырылған соң томат пен тұз салып, дәмдеуіштермен дәмін келтіреміз. Жақсылап қуырылған соң үстіне қайнаған су құйып, жәй отта ұстаймыз.


Осы уақытта көкөністен салат дайындаймыз. Ол үшін қырыққабат пен сәбізді ұзын әрі жіңішкелеп тураймыз. Қырыққабатқа тұз салып, сәл жұмсару үшін 2-3 минутқа қоямыз. Содан соң үстіне сәбіз бен ұсақтап туралған сарымсақты салып, дәмдеуіштер (қызыл/қара бұрыш, кориандр, корей тұзы) мен сұйық майды қосып араластырамыз. Салат дайын!


Ендігі кезек кеспеде, қайнап тұрған суға кеспені салып, тұз қосып пісіреміз. Піскен соң ыстық судан сүзіп алып, тамақ құятын ыдыстарымызға бөлеміз.


Барлығы дайын, енді ыдысқа құю қалды. Кеспе салынған ыдысымыздың үстіне сорпаны құйып, бір бұрышына ащы салаттан саламыз. Қазақша кукси дайын, ас болсын!


Кеңес: куксиге соя соусын құюға да болады.

1 пікірлер

avatar
Иеее, мұның да қазақшасы болушы ма еді? Қолыңа қуат берсін))))
Жаз айларында жасауға тұрарлық екен, тағы біраз көкөнімдер салатын) сүйем ғо!
Автор, мақала соңына пікір қалдыруға тыйым салды!